2025 жылғы 26 қыркүйек күні Шардара қаласына «Қазақстандық энергетиктердің салалық кәсіподағы» Қоғамдық бірлестігінің төрағасы Оразбек Бекбас іссапармен келді. Қазэнергокәсіподақтың ұйымдық- құқықтық жұмыстар бөлімінің меңгерушісі Мұрасат Мұртазин мен «ОҚО электр энергетиктерінің жергілікті кәсіподағы» ҚБ төрағасы Нұрғали Қалмұраттар да ілесе келді. Қонақтар «Шардара су электр станциясы» АҚ-нда ұжым жұмыскерлерімен кездесу өткізді.
Кездесу барысында Оразбек Тельбайұлы «Шардара су электр станциясы» АҚ кәсіподағы комитетін ұзақ жылдар басқарған Әлмахан Амановтың зейнет жасына толуына орай омырауына Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің «Еңбек ардагері» медалін тағып, иығына шапан жапты.
-Қазэнергокәсіподақ құрылған алғашқы күннен бері білетін Әлекең о бастан-ақ өзін білгір маман, іскер басшы, зерек ұйымдастырушы ретінде таныта білді. Қашан көрсең де салмақты мінезді, салиқалы сөзді, жер қозғалса да былқ етпейтін ұстамды мінезімен тәнті етеді. Ақан серінің Маңмаңгері сияқты тұрпатының өзі көз тартып, қандай жан екенін білдіріп тұрады, деді ел энергетиктері кәсіподағының басшысы.
Іс-шара барысында Нұрғали Сәрсенбекұлы да талай жыл әріптес болған Әлекеңе ыстық ықыласын білдіріп, Алғыс хатын табыстады.
«Шардара су электр станциясы» АҚ кәсіподағы комитеті

