2026 жылғы 28 қазанда «Шардара су-электр станциясы» АҚ-да «Ұлтаралық татулық және діни ынтымақтастық» ақпараттық-түсіндіру жиыны өткізілді.
Шараға Шардара ауданының құрметті азаматы Асылхан Данияров пен Шардара ауданы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қыстау Ілесов қатысты.
Кездесу барысында еліміздегі қоғамдық келісім мен тұрақтылықтың маңыздылығына тоқталып, түрлі этнос өкілдері арасындағы достық пен өзара құрметті сақтаудың қажеттігін атап өтілді. Сонымен қатар діни ынтымақтастықты нығайту, дәстүрлі рухани құндылықтарды құрметтеу, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу және қоғамда бейбітшілік пен келісім мәдениетін қалыптастыру мәселелері сөз болды.
А. Данияров теолог ретінде діни сауаттылықтың маңызы, деструктивті діни ағымдардың алдын алу және діни ақпараттарды қабылдау кезінде сақтық таныту қажеттігі жөнінде сөз саптады. Ол әрбір азаматтың діни мәселелерге қатысты ақпаратты сенімді дереккөздерден алуына және қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға жауапкершілікпен қарауына назар аударды.
Өз кезегінде Қ. Ілесов ел бірлігін сақтау, үлкенді құрметтеу, кішіге ізет көрсету, ұрпақ тәрбиесі мен ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптеу жөнінде ой бөлісті. Сондай-ақ татулық пен ауызбіршіліктің ел дамуы мен қоғам тұрақтылығының басты негіздерінің бірі екенін атап өтті.
Жиын барысында қатысушыларға ұлтаралық және дінаралық келісімді сақтау, қоғамдық ортада өзара құрмет пен түсіністік таныту, бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту әрбір азаматтың ортақ міндеті екені жеткізілді.
«Шардара СЭС» АҚ кәсіподақ комитеті


